Мемлекеттік сатып алу – мемлекет қаржысын тиімді жұмсаудың негізгі тетіктерінің бірі. Жол салу, мектеп пен аурухана тұрғызу, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу сияқты жұмыстардың барлығы осы жүйе арқылы жүзеге асады. Сондықтан әрбір конкурс ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуі маңызды. Дегенмен, соңғы жылдары бұл сала барынша цифрландырылып, автоматтандырылғанына қарамастан, конкурс өткізу барысында заңбұзушылықтар әлі де кездеседі. Осыған байланысты сатып алу рәсімдерін бақылау күшейтіліп, заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударылып отыр.