Биіктікті қыранның қанатымен өлшеп, арманын аспанға жетелеген тау тұлға – Табылды Досымов. Биыл бар қазақтың мақтанышына айналған дара таланттың туғанына 60 жы. Бар болғаны 45 жыл өмір сүрген Табылды қазақ жұртын бард жанрымен алғаш қауыштырған бірегей дарын еді. Жыраулық дәстүрді алты ішектің үнімен өріп, ұлттық рухты замана тынысымен ұштастыра білді. Оның жүректен төгілген жырлары мен шынайы әуездері талғампаз тыңдарманның ғана емес, күллі қазақ халқының жүрегіне жол тапты. Өзіндік үнімен, қайталанбас қолтаңбасымен ел жадында мәңгі сақталды.