Жуырда жарияланған Президент Жолдауында өңірлерге инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде аймақтардың басым бөлігі өз деңгейінде жұмыс істемей отыр. Сондықтан Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін нақты талдау жүргізіп, түбегейлі шешімдер қабылдауы қажет екендігін айтты. Президент сондай-ақ мұндай аймақтарды басқаруға жеке, тіпті шетелдік компанияларды тарту мүмкіндігін де қарастыруды ұсынды.