Қысқа уақытта қомақты қаржы табуды көздегендердің саны азаймай тұр. Алайда жоғары табысқа деген ұмтылыс кей азаматтарды алаяқтардың арбауына түсіріп, қаржылық шығынға ұшыратуда. Соңғы жылдары қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтың түрлі схемалары көбейіп, мыңдаған адамның ақшасынан айырылуына себеп болған. Ресми деректерге сәйкес, былтыр елімізде 53 қаржы пирамидасына қатысты 141 қылмыстық іс тіркелген. Аталған заңсыз схемаларға 112 мыңнан астам адам қаржы салып, келтірілген шығын көлемі 33 миллиард теңгеге жуықтаған.