Жыл басынан бері елімізде есірткіге қатысты 54 құқық бұзушылық тіркеліп, заңсыз айналымнан 10 келіден астам тыйым салынған зат тәркіленді. Құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарының алдын алу мен олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп отыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде есірткі саудасы дәстүрлі тәсілдерден цифрлық кеңістікке ауысып, интернет арқылы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты қылмысқа қарсы күресте заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Солардың бірі - «Антифрод» ақпараттық жүйесі. Жыл басынан бері жүйенің көмегімен заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 735 банк шоты бұғатталған. Бұл қылмыстық қаржы айналымын тоқтатуға мүмкіндік беріп отыр. Құқық қорғау органдары қылмысты анықтаумен қатар, оның алдын алу шараларына да ерекше назар аударуда. Әсіресе жастар мен жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтандыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.