21 жыл тыныштық күзетінде: қарапайым шақырту қылмыстың ашылуына қалай себеп болды?Көпшілік учаскелік полиция инспекторының жұмысы тұрғындардың арыз-шағымын қабылдап, тұрмыстық жанжалдарды реттеумен ғана шектеледі деп ойлайды. Бірақ қарапайым көрінген бір шақырту кейде ауыр қылмыстың бетін ашуға себеп болады. Оның қалай аяқталатынын ешкім алдын ала білмейді. Сондықтан учаскелік полиция инспекторы үшін әрбір шақырту – жаңа жауапкершілік, әрбір есік – жаңа оқиға. Осындай қызметтің бел ортасында жүргендердің бірі – Атырау қаласындағы №12 полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Рашид Сейтеков. Ол ішкі істер органдарында 21 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған шақыртуға барып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында адал еңбек етіп жүр.
- Әр күн әртүрлі өтеді. Кейде көмекке мұқтаж адамға қолдау көрсетесің, кейде қарапайым тұрмыстық жанжал деп барған шақыртуң ауыр қылмыстың ашылуына ұласады. Мұндай сәттерде тәжірибе, байқампаздық және жедел шешім қабылдау өте маңызды, – дейді полиция майоры.
Рашид Сейтековтің қызмет жолында есте қалған оқиғалардың бірі де дәл осындай шақыртудан басталған. Алғашында қарапайым жағдай болып көрінгенімен, оқиға орнында күмән тудырған мән-жайлар анықталып, жедел әрекет етудің нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан ағалы-інілі күдіктілер ұсталды. Арнайы іс-шаралар барысында бір келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл оқиға учаскелік полиция инспекторының қызметі тек өтініш қабылдау немесе профилактикалық жұмыстармен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Олар күн сайын тұрғындармен тікелей байланыста болып, құқық бұзушылықтың алдын алады, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және қажет болған жағдайда ауыр қылмыстардың ашылуына да үлес қосады.Учаскелік полиция инспекторы – тұрғындарға ең жақын полиция қызметкері. Ол өзіне бекітілген әкімшілік аумақта қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қояды, құқық бұзушылықтың алдын алады және кез келген қиын жағдайда алғашқы болып көмекке келеді. Халықпен күнделікті байланыс орнату олардың сеніміне ие болып, көптеген мәселенің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік береді.
Тыныштықтың қадірі оны күзетіп жүрген жандардың адал еңбегімен өлшенеді. Ал қарапайым болып көрінген әрбір шақыртудың артында адам тағдыры, қауіпсіздік пен заңдылық тұр. Осындай жауапкершілікті 21 жылдан бері абыроймен арқалап келе жатқан Рашид Сейтеков секілді учаскелік полиция инспекторлары ел тыныштығының сенімді күзетінде қызмет етіп келеді.