Бұдан бірнеше ай бұрын ғана Атырау облысында ауыр диагнозы бар жаңа туған сәбилердің ата-аналарын баланы жедел түрде Облыстық балалар ауруханасына немесе тіпті басқа қалаға тасымалдау күтіп тұратын.
Ал қазір ең күрделі оталар тікелей Облыстық перинаталдық орталықта жасалуда.
Неонаталдық хирургия бөлімшесі облыстың түкпір-түкпірінен келген балаларды қабылдайды: қалалық перзентханадан, ауылдық елді мекендерден және тіпті шұғыл жағдайда үйде босанғаннан кейін жеткізілген сәбилер де осында ем алады. ОПЦ-нің неонатологтарына Облыстық ауруханадан хирургтар, ал Ақтөбеден кардиохирургтар келіп, бірлесе жұмыс істейді.
«Біздің базада қазірдің өзінде 9 жаңа туған сәби сәтті түрде отадан өтті. Біз олар үшін ең қымбат нәрсені – уақытты ұтып алдық, – деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Меруерт Айдарханова. – Неонаталдық хирургияда уақыт көбіне шешуші рөл атқарады: ол өмір мен ауыр асқынулардың арасын айқындайды».
Бөлімше тіпті шала туған сәбилермен жұмыс істеуге толық бейімделген. Мерзімінен бұрын, салмағы аса төмен болып дүниеге келген және жүректің қауіпті патологиясы бар үш нәрестеге кардиохирургиялық оталар жасалды. Дәрігерлердің араласуынсыз олардың өмірі үзіліп кетуі мүмкін еді.
«Біз тек отаны ғана жасап қойған жоқпыз. Ең бастысы – араласудан кейін дұрыс күтім мен оңалтуды қамтамасыз еттік. Жаңа туған сәбилеріміз өмірлік қажеттіліктеріне толық бейімделген арнайы палаталарда жатыр. Бұл олардың денсаулығына қатысты болжамды түбегейлі өзгертеді», – деп түсіндірді Атырау облыстық перинаталдық орталығы директорының неонатология жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбикеева.
Неонаталдық операциялық бөлмедегі заманауи жабдықтар «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен AYALA қайырымдылық қорының көмегімен орнатылды, ал бөлімшенің жөндеу жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілді.
Атырау облысындағы барлық ата-ана үшін бұл ең бастысы дегенді білдіреді: баланың өміріндегі ең сындарлы сәттерде білікті медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.