«Жыл адамы-2025» анықталды. Жыл қорытындысына арналған кешке қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, мәдениет пен өнер өкілдері, сондай-ақ білім, медицина және әлеуметтік сала мамандары қатысты. Атырау өңірі әлеуметтік-экономикалық бастамаларға толы жыл ретінде қорытындыланып, ел игілігі жолында еңбек еткен азаматтардың еңбегі лайықты бағаланды. Шара барысында әр сала бойынша 20-дан астам үздік анықталды. Олардың қатарында «Жылдың үздік педагогі» номинациясымен 10 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз Абай Ақмұрзиев бар. Ал «Жыл адамы-2025» номинациясы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне және еңбекке араласуына үлес қосқан Ануар Бағытжанұлына табысталды.