Атырауда орын алған дала өртінің резерват аумағын шарпымағаны анықталды. Бұл туралы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» Республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы  мәлімдеді. Нұрболат Каримовтың сөзінше, резерват аумағының көп бөлігі сулы-батпақты болуына байланысты, оған қоса өрт өршіп, түтін күшейіп кеткендіктен жер серікпен өрттің нақты аумағын анықтауға және дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндік болмаған. Сондықтан алғашқыда аталған дала өрті резерваттың аумағына кіргені жөнінде теріс ақпарат берілген. Алайда  облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, ғаламтор желісі арқылы аталған жер серігімен өрт аумағына тексеріс жүргізіп, өрттің резерват аумағына кірмегені анықталды. Айта кетейік, 20 қыркүйекте Тасқала елді мекенінен Каспий теңізіне қарай 40 шақырым жерде қураған қамыс жанып, өрт шыққан болатын. Осыған сәйкес резерваттан өрт сөндіруге 30 қызметкер, 2 жеңіл өрт сөндіру автокөлігі, 4 мотопомпа жұмылдырылды.