«Ауыл» партиясының облыстық саяси кеңесі жаңа Ата заң жобасын талқылады. Кездесу барысында осы уақытқа дейін өткізілген басқосулардың қорытындысы баяндалып, конституцияның негізгі идеологиялық бағыттары жайында пікір айтылды. Бұдан бөлек, цифрлық қауіпсіздік пен киберқылмыстардың алдын алу мәселесі де күн тәртібінен тыс қалмады. Қатысушылардың айтуынша, бүгінде алаяқтық деректерінің көбеюіне байланысты заңнаманы күшейту қажеттілігі туындап отыр. Жаңарған Конституция негізінде қабылданатын заңдарда бұл бағыттағы жауапкершілік едәуір қатаң болмақ. "Ауылдықтардың" сөзінше, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғаса береді. Негізгі мақсат - референдумға ұсынылған құжаттың мән-маңызын халыққа түсінікті әрі нақты тілмен жеткізу жолдарын саралау.