Атырауда үш күннен бері қамыс өртеніп, 980 гектар аумақ күлге айналды. Өрт сөндірушілер бүгін түс мезгілінде өртті оқшаулады. Бірақ әлі толық сөнген жоқ. Жері батпақты әрі қамыс қалың болғандықтан, арнайы техника жете алмай отыр. Жалпы өрттің ошағы Дамбы ауылынан 20 шақырым жерде. Бұл аумақ «Ақжайық» резерватына тиесілі. Қазір өрт шыққан жерде 110 адам мен 25 техника жұмыс істеп жатыр. Кеше өртті сөндіруге тікұшақ жұмылдырылып, 30 тоннадай су шашылды. Өртке қарсы құрылған арнайы штабтың мәліметінше, өрт толық өшірілген соң мамандар кешенді тексеру жүргізеді.