Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Жол учаскесінің ұзындығы – 272 шақырым. Бұл жұмыс 2018 жылы басталып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен жүзеге асырылған еді. Қайта жаңарту жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес іске асып, жобаға жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Бұл жұмыстарға 650 маман мен 450 арнайы техника жұмылдырылды. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан теміржол арқылы 3,4 млн тонна интертті материал жеткізілген.

Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін Атырау қаласынан Құрманғазы ауданындағы шекара бекетіне жету үшін 5 сағат қажет болса, қазір бұл маршрутқа 2 сағат кетеді. Атырау-Астрахань автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстардың аяқталуы аймақтың көлік инфрақұрылымының жаңғыруына септігін тигізбек. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты күшейтіп, екіжақты экономиканың дамуына және халықаралық сауданың нығаюына көмегін береді.