Қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын Табылды Досымовтың әндері Анкарада шырқалды. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен "Табылды Досымов Республикалық қорының" ұйытқысымен өткен іс-шара Түркия астанасындағы белгілі "Түрік ожаклары" театрында өтті. Ақынның 60 жылдық мерейтойына арналған концерттік кеште "Сәйгүлік", “Ұнатамын мен сені", "Мен қазақпын" сынды 20-дан астам әні орындалды. Өмірі мен еңбектері жайлы қысқа фильмдер көрсетілді. Шара соңында қатысушылар ТҮРКСОЙ алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ Бижан Қалмағанбетов пен Қазақстаннан кешке арнайы келіп, қолдау көрсеткен Атырау облыстық мәслихатының депутаты Қайырбек Баймұратовқа ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың атынан түркі мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін ұйым медалі табысталды.