Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жеңістің 80 жылдығына орай, "Атырау өлкетану оқулары" атты II облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған арнайы Алматы қаласынан филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәжмұрат пен тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран келді. Олар екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Атырау облысының тарихын, сондай-ақ аймақтың табиғаты, географиясы, топонимикасы, археологиясы, этнографиясы, фольклоры мен тарихи ескерткіштерін қамтитын құжаттар мен фотосуреттерді ұсынды. Бас қосуға зерттеуші ғалымдар, өлкетанушылар, өңір педагогтары, мұражай қызметкерлері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Жалпы отырыс аяқталғаннан кейін жұмыс секциялық отырыстар шеңберінде жалғасты.