Облыс әкімі Серік Шәпкенов төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірге өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу үшін жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Ұшу барысында Қызылқоға ауданындағы Миялы және Сағыз ауылдарындағы су басу қаупі бар аумақтарды аралады. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, наурыздың 18-інен бастап Миялы ауылында кезекшілік ұйымдастырылған. 23 наурыз күні еріген қар суы салдарынан ауыл етегіндегі Қарасу жырасында су деңгейі күрт көтеріліп, көпір құрылысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта су айналма жолдың бойындағы дренаж жүйесі арқылы кедергісіз ағып жатыр. Су тасқынынан қорғау мақсатында Миялы ауылы маңында, айналма жол бойында, Сағыз-Миялы-Қарабау тас жолында қосымша су бөгеттері салынуда. Қызылқоға ауданында су тасқынына дайындық аясында 2023 жылы 26,5 шақырым бөгет салынса, 2024 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында қосымша 2,7 шақырым бөгет салынды. Аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұров бөгеттердегі кезекшілікке жергілікті тұрғындарды да қосуды ұсынды. Өз кезегінде Серік Шәпкенов көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына облыстық әкімдіктен қажетті көмек көрсетілетінін айтты.