Аймақ басшысы Белградта өткен еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханмен кездесті. Кездесуге басқарма басшылары, спортшының әкесі мен жаттықтырушылары қатысты. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Қазақстанның еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионын жеңісімен құттықтап, олимпиада шыңын бағындыруға тілек білдірді. Жиында бұқаралық спортты дамыту, жергілікті спортшыларды қолдау, ауылдарда спорт кешенін көптеп салу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жиында облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман Тоғаев облыста дене шынықтыру және спорт басқармасымен біріккен түрде еркін күрес академиясын ашып, оған Ризабек Айтмұханның атын беру жоспарда бар екенін жеткізді.