Атырау инженерлік-гуманитарлық институты лицензиясынан айырылды.  Енді онда оқып келген 1640 студент қаламыздағы екі ЖОО-на мамандықтарына сәйкес бөлініп, білімдерін жалғастырады.  
Бұл ретте оқыту құны студенттер үшін бұрынғы деңгейде сақталады. 
- «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабы 2-тармағына сәйкес, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайда, оның құрылтайшысы білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру бойынша шаралар қабылдайды. ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген Жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік қағидаларының 31-тармағына сәйкес, ЖОО білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан айырылған жағдайда, оның студенттері ағымдағы семестр бойы оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары оқу орнына ауыстырылады, - деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасы. Айта кетейік, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты өңірімізде 2001 жылдан бері 87 профессор-оқытушылық құраммен 18 мамандық бойынша білім беріп келген мемлекетік емес оқу орны болатын.