Негізгі Жаңалықтар 11 МЫҢНАН АСТАМ ВАХТАЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ ДАУЫС БЕРУДЕ

11 МЫҢНАН АСТАМ ВАХТАЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ ДАУЫС БЕРУДЕ

11 МЫҢНАН АСТАМ ВАХТАЛЫҚ ЖҰМЫСШЫ ДАУЫС БЕРУДЕ

Бүгін Атырау облысында 11 мыңнан астам вахталық жұмысшы жұмыс орнынан кетпей-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сайлаушылар тізіміне 11 271 вахталық жұмысшы енгізілген. Олардың 3 575-і еліміздің басқа өңірлерінен келген.


Сайлау комиссиясының мәліметінше, вахталық жұмысшылардың дауыс беруі 34 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған. Сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, олардың екеуі мұнай-газ нысандарында арнайы құрылды.


Мұнай мен газды кешенді дайындау зауыты жанындағы вахталық кентте орналасқан №288 сайлау учаскесіне 1 397 сайлаушы тіркелген. Ал тағы бір өндірістік нысан аумағындағы №289 сайлау учаскесінің тізіміне 970 адам енгізілген. Бүгін бұл учаскелерде вахтада жүрген жұмысшылар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, дауыс беруде.


Жекелеген сайлау учаскелері жоқ кәсіпорындар мен вахталық кенттерде дауыс беру жылжымалы жәшіктердің көмегімен жүргізілуде. Ал теңіздегі өндірістік кешенге сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақпен жеткізілуде.


Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар үшін сайлау учаскелерінің тікелей кен орындарында ашылуы олардың тең сайлау құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнай-газ саласындағы мамандардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы өндірістік нысандарда болатындықтан, мұндай учаскелер сайлау процесіне жұмыс орнынан алыстамай қатысуға қолайлы жағдай қалыптастырады.


Қазір вахталық қалашықтардағы дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сай жүргізілуде. Учаскелік комиссия мүшелері сайлаушылардың жеке басын сәйкестендіріп, дауыс беру тәртібін түсіндіруде және сайлау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде.


Осылайша, 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарының сайлауы өңірдегі елді мекендермен қатар, мұнай-газ кен орындарында да ұйымдастырылып, вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына мүмкіндік берілуде.

Бөлісу

Аймақтық телеарналар