Облыстағы ортағасырлық Сарайшық қаласының орнынан табылған жәдігерлер көне Түркі әлемінің Селжұқ дәуіріне тән мәдениет пен сәулет өнерінің белгілерін көрсетеді. Бұл деректер Ұлы Жібек жолы бойындағы сыртқы экономикалық байланыстардың жаңа қырын ашып отыр. Бүгін Сарайшықта өткен ғылыми жиында түрік ғалымы Мухаррем Чекен осылай деді. Оның айтуынша, 2022–2024 жылдары Сарайшық маңындағы «Ащысай» мен «Қарағайлы» қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық бұйымдар мен Қытай форфоры Алтын Орда дәуірінде Сарайшықтың ірі экономикалық орталық болғанын дәлелдейді.