Қазақ КСР Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 88 жасында қайтыс болды. Марқұм, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Жаушы» сынды туындылармен танылып, ұлт өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ киносының корифейі, аңызға айналған арда тұлға Асанәлі Әшімов өнегелі өмірін өнерге арнады. Тағдырын театрмен тоғыстырды. Бес күн тіршілікте қуақы атаққа алдынбады. Арзан мадаққа жалданбады. Жалғанда жарқырап ғұмыр кешті. Исі қазақтың қажетіне жараймын деп өмір сүрді. Жүрегі ұлтым деп соқты. Сол қалпында, биік болмысымен бақиға қол бұлғап кете барды.