Облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы сайланбақ. Бүгінде оның жұмысы Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесім тауып, мемлекет пен қоғамды байланыстырушы көпірдің біріне айналып отыр. Бұл жолы осы бағытты қамту үшін облыс әкімдігі ғимаратында облыстық Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Оған Арман Хайруллин төрағалық етті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қоғамдық кеңес құрамына сайлау өтетіндігі хабарланғанын, белгіленген уақытта жұмыс тобына коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінен 50 ұсыныс-өтініштер түскендігін баяндады. Ережеге сәйкес жұмыс тобы әр кандидатпен әңгімелесу өткізіп, дауыс берді. Қорытындысы бойынша жұмыс тобының басшысы Арман Хайруллин ең көп дауыс жинаған 25 кандидаттың Қоғамдық кеңестің құрамына сайланатындығын, жаңа құрамның Атырау облыстық мәслихаты төрағасының бекітуіне ұсынылатындығын жеткізді.