Атырау облысында жұмысшы мамандықтар жылына орай арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол 6 бағытты қамтиды. Жоспарланған жұмыстардың бірі – колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту. Осы мақсатта 9 арнаулы білім беру ұйымы материалдық-техникалық базасын жаңғыртады. Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, жылдан жылға жұмысшы мамандарды дайындау мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінетін грант саны көбейіп келеді. Оған дәлел, 2023-2024 оқу жылында 3600 студент тегін білім алса, 2024-2025 оқу жылында 4500-ден аса грант берілді. Айта кетейік, бүгінде өңірде 24 колледж жұмыс істейді. Оның 12-сі жұмысшы мамандық иелерін оқытады. Жалпы колледждерде 62 мамандық бойынша 159 біліктілікті 19 мыңнан аса студент меңгеруде.