Атырау – Құрманғазы – Атырау бағыты бойынша қатынайтын автобустардың бірінен шу шықты. Мәселе билеттің тапшылығынан туындаған. Салдарынан жолға асыққан жолаушылар арасында жанжал туындаған. Әлеуметтік желіге тараған бейнекадрларға көз жүгіртсек, азаматар бір-бірін итеріп, төпеп,жанжып жатыр. Ал жолдан қалған тұрғындардың дені амалсыз такси ұстауға мәжбүр болған. Өйткені, билет жоқ. Жалпы бұл жыл сайын қайталанатын жағдай дейді, көпшілік. Көп жағдайда билет сату платформасы істен шығып, халық амалсыз билетке кезекке тұрады екен. Сондықтан, жолаушылар рейс санын көбейтуді, билеттер сатуды Атырауда ғана емес, Құрманғазыда да ұйымдастыруды, сондай-ақ онлайн сату жүйесін реттеуді талап етеді. Еске сала кетейік, 16 желтоқсаннан бастап «Атырау-Құрманғазы-Атырау» бағыты бойынша сыйымдылығы 53 орындық жолаушылар автобусы жүре бастады. Жол ақысы 2 мың теңге. Балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 50% жеңілдік қарастырылған. Автобус Атырау автовокзалынан сағат 07:00, 12:00, 19:00, Құрманғазыдағы «Қазақтелеком» кеңсесі ғимараты жанынан сағат 06:00, 11:00 және 17:00-де шығады. Бұл бағыт бойынша жауапты компания - «Ақжайық автопарк» ЖШС қызмет көрсетеді.