Биыл 1-сыныпқа қабылдау 1-сәуірде басталып, 2024 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады. Ата-аналар баланың құжаттарын электронды үкімет - egov.kz веб порталы арқылы тапсыра алады. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа Атырау облысы бойынша 15 мыңнан астам бала барады деп күтілуде. Былтырғы оқу жылынан биылғы оқу жылындағы 1-сыныпқа қабылдаудың басты айырмашылығы - Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері жөнінде 2024 жылдың 23 ақпанында қабылданған заңға сәйкес лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдау кезінде емтихан өткізуге тиым салатын ереже енгізілді. Барлық балалар дайындық деңгейіне қарамастан тең мүмкіндікке ие бола алады. Бұл бастама тестілеу мен әңгімелесуге байланысты 1-сынып оқушыларындағы психологиялық қысымды азайтуға бағытталған.