Атырауға Нұр-сұлтан қаласынан ресейлік дәрігердің алтауы келді. Оларды өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов қабылдап, беталысы жаман індеттің ырыққа көнбей тұрғанын, дүниені дүрліктірген коронавирус аз болғандай, енді оған пневмония дерті де қосылғанын, сондай-ақ, өңірде бұрын да тапшы дәрігерлердің жетіспеушілігі қиын қыстау кезеңде жығылғанға жұдырық болғанын айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі жақын арада Ресейдің Астрахан облысынан тағы бес дәрігердің келетінін жеткізді. Олар мұнда тамыз айына дейін болмақ. Бұған дейін Атырауға интернатурада оқитын 100-ден астам жас маман медицина саласына тартылған болатын.