Жаһанды жаулаған жасанды интеллект бүгінде барлық салаға батыл түрде еніп келеді. қазір елімізде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді бір жүйеге біріктіретін «Smart Turmys» цифрлық платформасы әзірленуде. Жаңа жоба су, жылу, электр және газбен жабдықтау қызметтерін толықтай онлайн форматқа көшіруді көздейді. Платформаның басты мақсаты – есептеу құралдарын кеңінен енгізіп, деректерді автоматты түрде онлайн беретін жүйе қалыптастыру. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2030 жылға дейін сумен жабдықтау саласындағы барлық дерек толық цифрлық форматқа көшіріледі.