Сондай-ақ,биыл Атыраудағы Қаныш Сәтбаев атындағы даңғылды қайта жаңғырту жұмысы басталады. Ұзындығы 2,34 шақырымдық жолды қайта жаңғырту жұмысы сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Мердігер мекеме де анықталды. Бұл жөнінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлімдеді. Жоба аясында даңғылдың Ерниязов көшесімен қиылысатын тұсынан бастап Құрманғазы көшесіне дейінгі аралығына қосымша бір жолақ салынады. Яғни, даңғыл кеңейіп, айналасы абаттандырылмақ. Бұдан бөлек, қала ішіндегі көлік қозғалысын дамытып, кептелісті азайту мақсатында Атырау-Астрахань тас жолы арқылы «Нұрсая» ықшам ауданына тікелей шығуға мүмкіндік беретін жол салынады. Яғни, ұзындығы 1,4 шақырым болатын жаңа жол Самал ықшам ауданындағы 31 көше мен Атырау-Астрахань трассасын қоспақ. Бұл жұмыс осы жылдың І тоқсанында басталады. Айта кетейік, қаладағы тағы іске асып жатқан бір жоба Жастар көшесінен Әбілқайыр даңғылына шығуға мүмкіндік береді. Үш шақырымдық жолды салу жұмысы 2023 жылы басталған еді. Бүгінде екі шақырымға асфальттың алғашқы жабындысы төселген. Қазір көпір салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарда.