Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауға келді.Бас мүфти тасқынның алдын алып жатқан еріктілермен және тұрғындармен кездесті.Кездесу барасында Хазірет Наурызбай қажы Тағанұлы табиғи апатпен күреске атсалысып жатқан барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, олар бүкіл еліміз үшін өте маңызды, игі іс атқарып жүргенін атап өтті. Сонымен қатар, Мүфтият атынан өңірге гуманитарлық көмек жеткізілді. Бас мүфтидің бастамасымен «Зекет және қайрымдылық қорының» ұйымдастырумен Астанадан 4 жүк көлігімен көмек келді. Жалпы салмағы 114 тонна болатын гуманитарлық көмек Жылыой ауданына жөнелтілді. Еріктілерге батасын берген Бас мүфти ел мен жердің баршамызға аманат екенін атап өтті. Әрі қарай мүфтидің сапары Жылыой ауданында жалғасты. Онда ол жергілікті тұрғындармен кездесті. Апаттан зардап шеккен үй-жайларды өз көзімен көріп, қиын қыстау уақытта тұрғындарды сабырға шақырып, ізгі тілегін білдірді. Әрі мемлекет тарапынан көмек алып, әрбір отбасы қараусыз қалмайтынын басты назарға ұсынды.