Оқу жылының соңы көпті тағы сергелдеңге салды. Соңғы қоңырау салтанаты кейінге шегерілгені өз алдына, қазір білім ошақтарында оқулықтарды жинау үрдісі басталып кеткен. Мектепте кітап жинау басталып кеткен көрінеді. Бұл жайт кешелі бері әлеуметтік желіде қызу талқыда жүр. Ал үйдегі ата-ана мұны түсінбей дал. Сабақтың аяқталуына әлі алты күн бар. Ғани Бейсенбаев кітап жинап жатқан мектептер анықталған жағдайда оларға шара қолданылатынын жеткізді. - 31-мамырды қоса алғанда сабақтар кестеге сәйкес оқу бағдарламасы бойынша өтуі керек. Қазір министрлікке келген шағымдардан көріп отырмыз, кейбір мектептерде оқулықтарды табыстау басталыпты. Яғни, ол дұрыс емес. Өйткені ереже бұзылады, оқу процесі бұзылады, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова. Министр өкілінің айтуынша, оқулықтарды жиып-теріп, демалысқа ерте қамданған жағдайда, тікелей мектеп басшысы жауапқа тартылады. Әкімшілік кодекстегі білім беру ұйымдарының ережесін ескермегені үшін шара қолданылады екен. Ал ата-аналар мұндай олқылықтың соңғы қоңырауды өзгерткеннен кейін орын алғанын айтады. 25 Мамырда мектептерде думанға толы соңғы қоңырау салтанаты өтіп жататын. Оқу жылын тәмамдаған шәкірт пен ұстаз демалысқа шығып, мәре-сәре болатын сәт. Жылдағы дәстүрлі үрдіс биыл қайталанбайды. Енді күнтізбедегі бұл күн әдеттегі оқу күні болып қалып отыр.