Оқу-ағарту министрлігі жемқорлардан тәркіленген қаражатқа биыл салынатын мектептердің тізімін жариялады. Құжатта 62 жобаның тізімі көрсетілген. Соның ішінде Астана қаласы мен Алматы облысында осы қаражат есебінен салынатын немесе кеңейтілетін мектептердің саны өзгелерден бірнеше есе көп. Атап айтқанда, әрқайсысында 10 мектеп салу жоспарланған. Мұнан соң білім нысандары көп салынатын өңір - Түркістан облысы. Онда 9 жоба қолға алынады. Ал Атырау облысында жемқорлардан тәркіленген қаражатқа екі мектеп салынады. Оның біріншісі - Ақжар-2 ауылындағы 600 орындық мектеп, ал екіншісі - Бірлік-2 ауылында. Онда да 600 оқушыға шақталып білім ордасының құрылысы жүреді деген жоспар бар. Биыл жемқорлардан түскен қаражат есебінен 96 млрд 495 млн теңгенің 62 жобасы іске асырылмақ.