Атырауда қараусыз жатқан "Ерік мостовой" каналы енді жаңа мақсатта қолданылады. Облыс әкімдігі дренаж мәселесін шешіп, оны ел игілігіне пайдалануды көздеп отыр. Өткен сенбіде облыс әкімі Серік Шәпкенов, қала әкімі Мейірім Қалауи және облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев арнаның жағдайымен танысып қайтты. Ғалымдармен ақылдаса келе облыс басшылығы мұны қайтадан қалпына келтіру бойынша жобалық жұмыстарды қолға алуға ниетті. Арна түбіне дренаж және кәріздік коммуникациялар, жазғы су құбыры тартылады деп жоспарлануда. Бұл жерге веложолақтар және жаяу жүргіншілер жолын салу, көше шамдарын, орындықтар және тағы да басқаларын орнату жоспарланып отыр. Жаңартылған дренаж арнасы коммуналдық мәселелерді шешіп қана қоймай, жер асты суының деңгейін төмендетуге көмектеседі деп болжанып отыр. Жобаның басты артықшылығының бірі - қаладағы кәріз коммуникацияларының ұзындығын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жеке сектордағы үйлердің 70-80% -ін орталық кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.