Атырауда Бірінші халықаралық Шахмат фестивалі өтеді. Шараны көрнекті қазақстандық спортшы, әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырып отыр. Жарыстың жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады. Турнирдің мақсаты - Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру мен жас таланттарды іздеу. Жарысқа 300-ге жуық шахмат жанкүйерлері қатысады, оның ішінде 9 елдің танымал халықаралық гроссмейстерлері мен халықаралық шеберлері додаға түседі. Қазақстаннан басқа АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей ойыншылары бар. Айта кетейік, бұл жарыс енді өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырады. Ал кезекті дода 15-24 тамыз аралығында өтпек.