Қазақстан мен Өзбекстанның өзара сауда көлемін келесі жылы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр. Ал одан кейінгі 5 жылда ол көрсеткіш екі есеге артуы тиіс. Бұл туралы Түркістанда өткен аймақаралық ынтымақтастықтың форумында айтылды. Шараға екі елдің Үкімет басшылары қатысып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік және басқа да салада байланысты дамыту жолдарын талқылады. Асқар Мамин мен Абдулла Арипов екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысына да қатысты. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70 пайызы Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Форум аясында жалпы сомасы 611 миллион АҚШ доллары болатын 54 инвестициялық және коммерциялық келісімшартқа қол қойылды.