Қыстың қамын - жазда ойла. Индер ауданында мал азығын дайындау және егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл қысқа 71 мың тонна мал азығы қажет болса, оның ішінде былтырғы маусымнан қалған қорды ескере отырып, 62 мың тонна шөп әзірлеу жоспарланған. Қазіргі уақытта қажетті көлемнің 15 пайызы дайын. Дайындалып жатқан мал азығының негізгі бөлігі жоңышқа, жусан және аралас шөптерден тұрады. Сонымен қатар, ауданда 1300 гектар алқаптағы егінді жинау жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Науқан қараша айына дейін жалғасады.