Атырау қаласында ауаға тараған жағымсыз иіс бойынша экология департаменті «Казгидромет» РМК Атырау филиалымен бірлескен түрде атмосфералық ауа сапасына бақылау жасап, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Жұмыстарға сәйкес «Акимат», «Авангард», «Восток» автоматтандырылған ауа сапасын бақылау станцияларында ауаға тараған күкіртсутегінің көлемі рұқсат етілген шекті шоғырланудан 16 есеге асуы анықталды. Талдау жұмыстары «Квадрат» булану алаңына, арнайы санитарлық қорғау аймағына және Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағына жүргізілді. Нәтижесінде «Квадрат» су булану алаңы маңында солтүстік-шығыстан секундына 4 метр соққан желден күкіртсутегі мөлшері 6,2 есеге дейін, санитарлық қорғау аймағында 21-25 есеге дейін, АМӨЗ-дің тұрғын үйлер аумағы айналасында 17,5 есеге дейін рұқсат етілген шекті шоғырланудан асып отырғаны анықталды.