Қаралы хабар. Атырау журналистикасының ардагері, қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық «Атырау» газетінің 1995-2002 жж. бас редакторы Қилыбай Қуанышбайұлы 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Қилыбай Қуанышбайұлы 1939 жылы 30 қарашада Атырау облысы, Исатай ауданының Забурын селолық Кеңесінің Ақфлот ауылында туған. Еңбек жолын 1957 жылы Шевченко аудандық «Колхоз жолы» газетінің корректоры болып бастаған. 1958-1959 ж.ж. - мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1964-1977 ж.ж. - облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері, аға әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. Сол жылдардан бері осы баспасөз саласында талмай еңбек етіп, өңірімізде бақ саласының дамуына зор үлес қосты. Ұзақ жылдық қажырлы еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, төрт дүркін Атырау облысының Құрмет грамотасымен, екі дүркін Қазақстан кәсіподақтары Орталық Кеңесінің грамотасымен марапатталған. Атырау баспасөзі саласында 52 жыл еңбек еткен Қилыбай Қуанышбайұлының жарқын бейнесі оның әріптестері мен ізбасарларының есінде мәңгі сақталады.