Индер ауданындағы Жайық өзені қауіпті деңгейден 1 метрге асты. Алайда ахуал тұрақты. Мұнда биіктігі 11 метрді құрайтын 30 шақырымнан астам бөгет соғылған. Соңғы 1 айдағы қызу жұмысқа ауыл тұрғындары, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және әскерилер қол күшін көрсеткен. Сонымен қатар, 100 ге жуық техника жұмыс атқарды. Бүгінде жұмыстар аяқталып, кейбір жүк көліктері жағада кезекшілік қызметінде жүр. Мамандардың болжамы бойынша көп мөлшердегі су 2 күнде келуі мүмкін. Айта кетейік, тұрғындарды көшіру қажеттілігі туындаған жағдайда эвакуациялау жұмыстарына 150-ге жуық қызметкер, 34 автобус және 2000 орындық эвукациялық пункт сақадай сай тұр.