1963 жылы желтоқсанның 23-і күні Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Ганюшкин селосында дүниеге келген. 1981жылы Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдап, 1981-1983 жылдары сол кездегі Гурьев мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана» бөлімін оқып бітірген. Кейін 2002 жылы Атырау мемлекеттік университетінің «Тарих» мамандығы бойынша сырттай бөлімін бітірді.
Алғаш еңбек жолын Құрманғазы аудандық мәдениет үйінде мәдени шараларды ұйымдастырушы болып бастайды. Кейін саладағы іскер ұйымдастырушылығы арқасында инспектор, әдіскер болып, жалпы мәдениет саласында 15 жылға жуық еңбек етті. 1994 жылы Атырау облыстық телерадиокомпаниясына диктор болып қызметке орналасады. Шығармашылық шеберлігін шыңдай отырып, дыбыс режиссері, жауапты шығарушы-редактор, кейін редактор болып қызмет еткен. Слухия Қаттарқызы экран айнасы-диктор бола жүріп, ауқымды хабарлар дайындауға да белсене араласты. Мәселен, әр жылдары оның дайындаған «Жұлдыздар алаңы», «Арулар-асыл жандар», «Мәдениет», «Денсаулық», «Жайықтағы жүздесу», «Свободная тема» т.б. хабарлары көрерменнің ыстык ілтипатына бөленді. Облыстағы екі іргелі сала денсаулық сақтау мен мәдениет жаңалықтар бұл бағдарламаларда жан-жақты қамтылды. Сонымен қатар, облыстық телеарнаның «Жаңалықтар қызметі» ақпараттық бағдарламасында екі тілде жүргізуші және тілшісі болды. Қазіргі таңда облыстық радионың аға редакторы. Ақпарат саласындағы жалпы еңбек өтілі 28 жылды құрайды.Сонымен қатар кәсіподақ комитетінің төрайымы ретінде қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін «Республикалық мәдениет,спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ «Құрмет белгісі» және ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілеріне ие болған.
2015 жылғы Тауман Амандосов атындағы облыс әкімі сыйлығының иегері.
2018 жылғы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Қазақ телевизиясына 60 жыл» мерейтойлық төс белгісі,
2022 жылғы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі иегері.Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.