Балауса Халелова Пушкинқызы 1978 жылы осы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1994-1998 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін бітірген. Гуманитарлық ғылымдарының магистрі . 2011 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Қазақстан - Атырау» облыстық телеранасында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Редактор ретінде бірнеше тақырыптық хабарлардың авторы әрі жүргізушісі. Атап айтсақ, бүгінгі күн теларана эфиріндегі көрермен сұранысына ие өңірдің ән-күй тарихына арналған «Жайық жауһарлары» және елге белгілі тұлғалармен сұхбат түрінде өрбейтін «Біздің кейіпкер». Күні бүгін Балауса Халелованың журналистік зерттеуімен телеарна қорында бірнеше танымдық бағдарламалар сақталған. Нақтырақ айтсақ, «Қауырсын», «Ұлағат», «Дегдар», «Тұлға», «Жылнамашылар», «Біздің елдің жігіттері», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Жүректің көзі ашылса» тағы басқа. Бұлардың барлығы да кез келген уақытта қайталауға болатын, дерегі мен дәйегі дәл, сапалы әрі қорлық бағдарламалар. Сондай-ақ, Балауса елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған «Бата алғаның бағы бар», поэзия падишасы Ф,Оңғарсыноваға арналған «Өшпейді ешуақытта Фариза атың», жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналаған халықаралық театр фестивалі бойынша дайындалған «Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын...!» атты фильмдерінің де сценарийін жазған автор. Оған қоса елге белгілі Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, Ә.Сарай, З.Камалиденов, С.Құбашев, Т.Медетбек, Ж.Ерман сынды тағы басқа айтулы тұлғалармен өрелі сұхбат жүргізген жүргізуші-редактор болды.

БАҚ қызметкерлері арасында өткен республикалық, облыстық сайыстардың жүлдегері. 2013 жылғы Тауман Амандосов атындағы облыс әкімі сыйлығының иегері. 2015 жылы ҚР Журналистер Одағы  Атырау облыстық филиалының қолдауымен «ҚазМЕДИА» орталығындағы «Медиа мектеп» ұйымдастырған «Телевизиялық мәтін: жазу және редакциялау» атты публицист Қайнар Олжай өткізген оқу-семинарына қатысып, сертификат иеленді.