
Сурдлимпиада ойындарының жүлдегеріне пәтер беріледі
Ақтөбеде сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Бексұлтан Малайдарға пәтер беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин спортшылармен кездесуінде айтты. Өңір басшысы 14-ші Сурдлимпиада ойындарына қатысқан ақтөбелік спортшылармен және олардың жаттықтырушысы Жанат Қожантаевпен кездесті. Қазақстан құрама командасы қатарында Мұхтар Есенғосұлы, Бексұлтан Малайдар, Ерлан Сүйеуәлиев пен Руслан Орынбасаров бар. Бұл жолы спортшылар Сурдлимпиадаға алғаш рет қатысып тұр. Нәтижесінде еркін күрестен 92 келі салмақта 24 жастағы Бексұлтан Малайдар қола медаль жеңіп алса, 97 келі салмақтағы Мұхтар Есенғосұлы төртінші орынды иеленді.