
"Бекіре-2022" акциясы
«Бекіре-2022» акциясы барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 640 дерегі анықталды. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов Орталық коммуникациялар қызметінде «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясының қорытындыларымен таныстырды.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында биыл наурыз айында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары су айдындарында бекіре және асқа да балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде «Бекіре-2022» кең ауқымды балық қорғау акциясын бастау туралы бірлескен бұйрығына қол қойды.
Аталған шара 1 сәуірі мен 31 мамыры аралығында өткізілді. Мақсаты - балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге кедергісіз көшуіне қолайлы жағдай жасау.
«Бекіре-2022» акциясын өткізу барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 640 дерегін анықтады. 392 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 63-і сот тәртібімен, құқық бұзушыларға екі айдың ішінде 8,3 млн теңге сомасында айыппұл салынды», - деді спикер.