Жақсының аты өшпейді. Атырауда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиұлының рухына ескерткіш тақта орнатылды. Пайым-парасаты биік, көркем мінезге бай Абат Кенжеғалиұлы әріптестері мен үзеңгілестерін сыйлай білді , өзі де сыйлы болды. Ғибратты ғұмырын мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ұлт руханиятында өзіндік із салып, соңына мол мұра қалдырды. Қазақтың салт-дәстүрін жаңаша көзқараспен зерттеп, жинақтаған «Асыл мұра» кітабы үлкен танымдық сипатқа ие. «Ұлы дала ұлағаты» кітабы, «Жадымдағылар мен жанымдағылар» жинағы да құнды шығармашылық туындылары еді. Қабырғалы қаламгерге арналған тақтаның ашылуына көзкөрген замандастары мен өзі шәкірттері қатысты.